image001

2026 жылғы 2 қазанда қазақстандық көрнекті ғалым, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, химия ғылымдарының докторы, профессор Есен Әбікенұлы Бектұров 95 жасында өмірден озды.

Есен Әбікенұлы Қазақстанда полимерлердің физикалық химиясының қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдардың бірі. Алпыс жылдан астам уақыт бойы оның ғылыми қызметі Химия ғылымдары институтымен байланысты болды, онда ол кіші ғылыми қызметкерден өзі құрған полимерлердің физикалық химиясы зертханасының меңгерушісіне дейінгі жолдан өтті.

Оның жетекшілігімен суда еритін полимерлер, полиэлектролиттер, полиамфолиттер, интерполимерлік және полимер-металл кешендері саласында ірі ғылыми бағыт қалыптасты. Е.Ә. Бектұровтың іргелі зерттеулері Қазақстанда да, шетелде де кеңінен танылды, ал оның құрған ғылыми мектебі химиктердің бірнеше буынын тәрбиеледі.

Есен Әбікенұлы жүздеген ғылыми еңбектің және көптеген монографияның авторы әрі бірлескен авторы. «Суда еритін полимерлер және олардың кешендері» монографиялар циклі үшін ол ғылым мен техника саласындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығымен марапатталды. Оның отандық және әлемдік ғылым алдындағы еңбегі «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері» атағымен, Нильс Бор атындағы ЮНЕСКО Алтын медалімен, Мемлекеттік ғылыми стипендиямен және басқа да жоғары марапаттармен бағаланды.

Оның қызметінде халықаралық ғылыми ынтымақтастық пен ғылыми кадрлар даярлау ерекше орын алды. Оның еңбектері мен ғылыми идеялары қазақстандық химия ғылымының беделін арттыруға және отандық ғалымдардың халықаралық байланыстарын дамытуға ықпал етті.

Есен Әбікенұлы әкесі, көрнекті ғалым, академик Әбікен Бектұрұлы Бектұровтың ғылыми дәстүрін лайықты жалғастырды. Химия ғылымдары институты осы ғалымның есімімен аталады. Әріптестері мен шәкірттері үшін ол жоғары ғылыми мәдениеттің, зиялылықтың және ғылымға деген адал берілгендіктің үлгісі болып мәңгі қалады.

«Ә.Б. Бектұров атындағы Химия ғылымдары институты» АҚ ұжымы жұбайы Гүлнара Бейсембайқызына, Есен Әбікенұлының туғандары мен жақындарына, шәкірттеріне, әріптестеріне және күллі ғылыми қауымдастыққа  қайғырып көңіл айтады.

Есен Әбікенұлы Бектұровтың жарқын бейнесі  қазақстандық ғылым тарихында және оны білген барша адамның жүрегінде мәңгі сақталады.

«Ә.Б. Бектұров атындағы Химия ғылымдары институты» АҚ ұжымы