1945-1946 жж. Институттың бірінші директоры болып Қазақ КСР Ғылым академиясының негізін қалаушылардың бірі, Қазақ ССР Ғылым Академиясының бірінші вице-президенті (1946-1955), Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, химия ғылымдарының докторы, профессор М.И. Горяев тағайындалды.
Академик М.И. Горяевтың басшылығымен техникалық және жабайы өсімдіктердің, атап айтқанда, сантонинді, алкалоидті және эфирлік майлы дақылдардың химиялық құрамының іргелі зерттеулері басталып, Республиканың азық-түлік, парфюмерия, химиялық-фармацевтикалық және гидролиз өндірісінің шикізат базасы кеңейтілді.
Қазақ КСР ҒА академигі М.И. Горяев Институт директоры болып жұмыс атқарған кезеңде Институт құрылымында төменде аталған зертханалар болды:
- өсімдік шикізатының технологиясы (меңгерушісі – М.И. Горяев);
- минералды тыңайтқыштар (меңгерушісі – Ә.Б. Бектұров);
- органикалық синтез (меңгерушісі – И.Н. Әзірбаев);
- мұнай (меңгерушісі – С.Р. Рафиков);
- физикалық химия (меңгерушісі – М.И. Усанович);
- органикалық катализ (меңгерушісі – Д.В. Соколский);
- аналитикалық химия (меңгерушісі – М.Т. Козловский).
Академик М.И. Горяев табиғи қосылыстар химиясы мен технологиясы бойынша төмендегі ғылыми бағыттар бойынша зерттеулерді жолға қойды:
- Қазақстан, Орта Азия, Моңғолияның жабайы өсетін флорасының эфир майларын, Грузия, Украина, Қырғызстанның өндірістік деңгейдегі майларын фитохимиялық зерттеулері;
- май және нафтен қышқылдарын зерттеу, олардың негізінде биологиялық және беттік-белсенді заттар синтезі;
- өсімдік шикізатынан бөлініп алынатын терпеноидтардың, дитерпеноидтардың, фитостериндердің, сапониностероидтардың, алкалоидтардың, пренил қосылыстарының, лактондардың синтетикалық өзгерістерін зерттеу;
- ферменттер алудың микробиологиялық әдістері және олардың физика-химиялық қасиеттерін зерттеу;
- техникалық тұрғыда жаңа пайдалы қасиеттері бар биокатализаторларды жасауға бағытталған ферменттік инженерияны дамыту;
- құрамында табиғи және синтетикалық органикалық қышқылдар бар көмірсулар мен көп атомды спирттерді химиялық түрлендіру;
- зерттелетін табиғи қосылыстардың құрылымдық ерекшеліктері мен реакцияға түсу қабілеттілігін зерттеу, қосылыстардың биологиялық белсенділігінің олардың құрылымымен корреляциясы және зерттеу нәтижелерін практикалық қолдануға ұсыныстар беру;
- құс қалдықтарынан жемдік талшықтар, кератин құрамды ақуыз алу тәсілдерін жолға қою және жаңа технологиялық тәсілдерін әзірлеу.
Академик М.И. Горяевтың сәтті әрі жемісті ғылыми, ғылыми- ұйымдастырушылық және қоғамдық қызметтері «Ленин» (1967), «Октябрь революциясы» (1974), «Еңбек Қызыл Ту» (1949), «Құрмет белгісі» (1945) ордендері мен Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің, КСРО ҒА мен Қазақ КСР ҒА Президиумының, «Білім» республикалық қоғамының, ХШЖК (1978) көптеген медальдары мен мақтау қағаздарымен марапатталды. Оған Қазақ КСР Еңбек сіңірген ғылым қайраткері атағы берілді (1946).
Қазақ КСР Ғылым академиясының негізін қалаушылардың бірі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ КСР ҒА академигі Михаил Иванович Горяевқа ұзақ жылдар ғалым өмір сүрген және жұмыс істеген Институт ғимараты мен үйіне есте сақтау үшін мемориалдық тақталар орнатылды, оның есімі Институттың кіші конференц-залына берілді. Есімімен Алматы қаласында көше аталынды.
Институт ғылым мамандарымен, негізінен С.М. Киров атындағы ҚазМУ химия факультетінің, Мәскеу және Ленинград мемлекеттік университеттері, Д.И. Менделеев атындағы Мәскеу химиялық-технологиялық университеті, Қазан химиялық-технологиялық Институты мен КСРО-ның басқа жетекші университеттері түлектерімен толықтырылып отырылды.
Институттың химия және химиялық технологияның көптеген салалары бойынша жоғары білікті жас мамандармен, химия ғылымдарының кандидаттары және докторларымен толықтырылуында ҚазМУ химия факультетінің деканы (1953-1980), бейорганикалық химия кафедрасының меңгерушісі, Қазақ ССР ҒА корреспондент-мүшесі, Қазақ ССР Еңбек сіңірген қайраткері, химия ғылымдарының докторы, профессор Батырбек Ахметұлы Беремжановтың еңбегі орасан зор.
1946-1968 жылдар аралығында Институтты Қазақ КСР ҒА академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор Әбікен Бектұрұлы Бектұров басқарды. 1945-1946 жылдары Ұлы Отан соғысы аяқталған соң, Әбікен Бектұрұлы республикалық Ғылым академиясын және оның институттарын құру бойынша үлкен ұйымдастырушылық жұмыстарға белсене жетекшілік етті. Ол көп ұзамай осы ұйымның құрылтайшыларының бірі болып, оның толыққанды мүшесі болып сайланды, ал 1946 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының Химия ғылымдары институтының директоры болып тағайындалды. Академик Ә.Б. Бектұров осы лауазымда 1968 жылға дейін жұмыс істеп, республикада химия ғылымының дамуына баға жетпес үлкен үлес қосты. Көптеген жылдар бойы Қазақ КСР ҒА Президиумының мүшесі, Минералдық ресурстар бөлімінің бірінші академик-төрағасы болды.
Ә.Б. Бектұровтың ғылыми қызығушылығының ауқымы сан салалы. Мысалы, Қазақстандағы бейорганикалық химияның даму хронологиясы алсақ, жас академиктің қызметіндегі басты бастамалар Қазақстанның минералды-шикізат ресурстарын игеру кезеңімен сәйкес келеді. Ғалым минералды тұздарға, соның ішінде жаңадан ашылған қорлары ауқымды Қаратаудың бірегей фосфориттеріне ерекше қызығушылық танытады. Өкінішке орай, бұл құнды шикізат өзінің құрылымның айрықша ерекшелігіне байланысты танымал технологияларды қолдану арқылы, көптеген қиындықтармен пайдалы өнімдерге айналады. Бұл Ә.Б. Бектұровты, оның шәкірттерін және әріптестерін шұғыл түрде басқа мүмкіндіктерді іздеуге түрткі болады. Нәтижесінде термиялық және құрамалы қышқылдық-термиялық процестерге негізделген өндіріске фосфаттық рудалардың кез келген түрін тартуға мүмкіндік беретін жаңа арнайы әдістер әзірленді. Осы саланы дамыта отырып, Әбікен Бектұрұлы мен әріптес ғылыми қызметкерлері термофосфаттар, балқытылған және фторсызданған фосфаттар, сондай-ақ сол жылдар үшін жаңа полимерлік фосфаттар химиясы мен технологиясы бойынша кең, жүйелі зерттеулер жүргізді. Соңғылардың кәдімгі тыңайтқыштардан артықшылығы – фосфордың жоғары концентрациясында, топырақта ретроградацияның төмендеуі және өсімдіктердің фосфорды жоғары коэфицентте пайдалануы болып табылады. Осы кең зерттеулердің нәтижесінде фосфор мен оның қосылыстары химиясы бойынша ауқымды нақты материалдар жинақталынып, Қаратау аймағы зауыттарында жаңа ресурс үнемдейтін технологиялар мен жаңа өндірістер үшін елеулі ғылыми негіз қаланды.
Жаңа бағыттарды дамыту үшін Қазақ КСР ҒА басшылығымен Институтқа атақты ғалымдар С.Р. Рафиков, М.И. Усанович, В.В. Стендер, Д.В. Сокольский, А.А. Глаголев, М.Т. Козловский және т.б. шақырылды. Осы көрнекті тұлғалардың қатарында және олардың тікелей ықпалында республиканың ғылыми мамандары қалыптасып, кейіннен жаңа ғылыми бағыттарға серпін берді.
Академик Ә.Б. Бектұровқа Қазақ КСР Еңбек сіңірген қайраткері атағы берілді. Ол «Ленин», «Қазан төңкерісі» және «Құрмет белгісі» ордендерімен, көптеген медальдар мен құрмет грамоталарымен марапатталды. Оның есімі 1968 жылғы «Әлемдік ғылымда кім бар» деген анықтамалық кітапқа енгізілді.
Ғылыми қауымдастық Қазақстанда химия ғылымының іргетасын қалаған, ұлы ғалымның жемісті еңбектерін жоғары бағалап, Қазақ КСР ҒА академигі Ә. Б. Бектұровтың есімін 1991 жылы Химиялық ғылымдар институтына берді және Институт ғимараты мен өзі тұратын үйіне ескерткіш тақталар орнатылды. Академик есімі Алматы мен Павлодар көшелеріне берілді.
Институт директоры Қазақ КСР ҒА академигі Ә. Б. Бектұров жұмыс істеу аралығында Институт құрылымында төменде аталғандай зертханалар болды:
- өсімдік шикізатының технологиясы (меңгерушісі: 1945-1955 жж. – Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі М.Горяев);
- аналитикалық химия (меңгерушілері: 1945-1961 жж. – Қазақ КСР Ғылым Академиясының академигі М.Т.Козловский, зертхананың негізгі ғылыми бағыты амальгам және амальгиялық процестердің теориясы мен практикасы саласындағы зерттеулер болды, 1966 ж. зертхана амальгамды химия зертханасы болып өзгертілді; 1961 – 1969 жж. – техника ғылымдарының докторы Л.Ф. Козин);
- органикалық катализ (меңгерушісі: 1946-1969 жж. – химия ғылымдарының докторы, профессор Д.В. Сокольский);
- физикалық химия (меңгерушілері:1945-1949 жж. – химия ғылымдарының докторы, профессор М.И. Усанович, ал 1949-1985 жж. – химия ғылымдарының докторы, профессор Т.Н. Сумарокова;
- органикалық синтез (меңгерушілері: 1945-1947 жж. – Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, И.Н. Әзірбаев, 1947-1955 жж. – Челинцев В.; 1955-1981 жж. химия ғылымдары докторы, профессор Д.В. Соколов);
- өсімдік химиясы (меңгерушісі: 1955 жылдан 1981 жылға дейін – Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі М.Горяев);
- алколоидтар химиясы (меңгерушілері: 1955-1958 жж. – химия ғылымдарының кандидаты М И Шабанов, 1958-1960 жж. – химия ғылымдарының кандидаты Д.Р.Джалилов, 1960-1968 жж. – химия ғылымдарының докторы, профессор Г.А. Толстиков);
- табиғи тұздар (1956-1973 ж.ж. химия ғылымдарының кандидаты А.И. Мун);
- молекулалық спектроскопия (меңгерушісі: 1955-1972 жж. – химия ғылымдарының кандидаты Ю.А. Кушников);
- өсімдік шикізаттарының гидролизі (меңгерушілері: 1959-1980 жж. – М.Г. Пугачев; 1980 мен 1986 жж. – Г.Ж. Ибраев);
- табиғи сорбенттер және катализаторлар (меңгерушісі: 1961-1996 жж. – ҚР ҰҒА академигі Ш.Б. Батталова);
- гербицидтер синтезі (меңгерушісі: 1964-1973 жж. – Қазақ ССР ҒА корреспондент-мүшесі И.Н. Әзірбаев);
- микроанализ (меңгерушілері: 1960-1961 жж. – химия ғылымдарының кандидаты М.К. Джамалетдинова, 1961-1979 жж. – химия ғылымдарының кандидаты В.С. Базальицкая);
- оксидті балқыламалардың физикалық химиясы (меңгерушісі: 1965-1988 жж. – Л.Н. Шелудяков);
- фосфор тыңайтқыштарның химиясы (меңгерушісі: 1966-1972 жж. – В.В. Тихонов);
- бейорганикалық синтез (меңгерушісі: 1966-1984 жж. – Қазақ КСР ҒА академигі Ә.Б. Бектұров).
1957 ж. химия ғылымдарының докторы, профессор С.Р. Рафиковтың басшылығымен жоғары молекулалы қосылыстар химиясы бөлімі құрылды, оған келесі зертханалар кірді:
- жоғары молекулалы қосылыстардың аралық өнімдер синтезі (меңгерушісі: 1957-1996 жж. – химия ғылымдарының кандидаты, кейінірек Қазақ КСР ҒА академигі Б.В. Суворов);
- пластмасса (меңгерушілері: 1956-1986 жж. – В.Г. Гуцалюк; 1986-1992 жж. – И.А. Архипова);
- полимерлердің физикалық химиясы (меңгерушісі: 1966-1996 жж. – Е.Ә. Бектұров);
- полимерлер синтезі (меңгерушісі: 1968-2009 жж. – Қазақ КСР ҒА академигі Б.А. Жұбанов);
- ионалмастырғыш шәйірлар (меңгерушілері: 1960-1966 жж. – химия ғылымдарының кандидаты М.В. Виттих; 1968 жылдан бастап – ҚР ҰҒА академигі Е.Е. Ерғожин).
Институт алғашқы құрылған жылдан бастап іргелі және қолданбалы химияның әр түрлі салалары бойынша тың ғылыми зерттеу мәселелерімен айналысты, соның ішінде, бірінші кезекте, халық шаруашылығында маңызы зор Қазақстанның минералды және табиғи қорларын қайта өңдеу тақырыбы.
Алғаш рет Қазақстанның фосфориттерінен тыңайтқыштар алу, мал азығына қосылатын жемдік фосфаттар мен бейорганикалық материалдарды әр түрлі мақсаттарда пайдалану үшін қайта өңдеудің әмбебап технологиясы құрылды.
Қазақстан мен Орта Азияда өсетін жабайы флора мен мұнайдың химиялық құрамы, электрохимиялық үрдістердегі сынап пен амальгаманың сипаты, жаңа катализаторлардың сипаты мен олардың каталитикалық үрдістердегі қасиеттері электрохимиялық әдістермен, табиғи және синтетикалық жаңа биологиялық белсенді заттарды алу зерттеле бастады, сондай-ақ қышқылдар мен негіздер бойынша теориялық зерттеулер жалғастырылды.
КСРО ҒА корреспондент-мүшесі, Қазақ КСР ҒА академигі С.Р. Рафиков Қазақстандағы жоғары молекулалық қосылыстар, мұнай-химия және мұнай-химия синтезі, өнеркәсіптік катализ химиясын дамытты. 1947 жылы ол Қазақ КСР Ғылым академиясының бірінші президенті Қ.И. Сәтпаевтың шақыртуымен Мәскеуден Алматыға көшіп келіп, химия саласы бойынша ғылыми кадрларды дайындай бастады. 1958 жылы Химия ғылымдары институтында Полимерлер химиясы бөлімі, оның ішіне С.Р. Рафиковтың ұйымдастыруымен мұнай химиясы зертханасы, жоғары молекулалы қосылыстардың аралық өнімдер синтезі, полимерлерді, пластмассаларды, ионалмастырғыш шәйірлер синтезі, полимерлердің физика-химиясы, полимеризациялық үдерістер химиясы, физика-механикалық зерттеулер зертханалары құрылды. 1957 жылы Қазақ химия-технология институтында С.Р. Рафиковтың жетекшілігімен Пластмассалар кафедрасы құрылды. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде (кейінірек – ҚазМУ) химия факультетінің деканы, Қазақ КСР ҒА корреспондент-мүшесі, профессор Б.А. Бірімжанов, Қазақ КСР ҒА академигі С.Р. Рафиков және т.ғ.к. Б.А. Жұбановтың басшылығымен 1963 жылы ҚазМУ-де Жоғары молекулалы қосылыстар химиясы кафедрасы ұйымдастырылды.
1954-1955 жж. Б.В. Суворов басқарған Қазақ КСР ҒА ХҒИ Мұнай химиясы зертханасының С.Р. Рафиковтың басшылығымен бір топ қызметкерлері n-ксилолдың ауадағы оттегімен бу күйінде катализатор қатысында тотықтыру арқылы терефтал қышқылын алу реакциясының байыбын қарастырды. Зерттеу барысында газ күйіндегі аммиакты реакциялық аймаққа ендіру үдеріс бағытын түбегейлі өзгеретіндігі және терефтал қышқылының орнына шығымы жоғары оның динитрилін алуға болатындығы анықталынды. С.Р. Рафиков пен Б.В. Суворов ашқан жаңа химиялық реакция «тотықтыру аммонолизі» деп аталды. Бастаған жұмыстарды дамыта отырып 1957 жылы Б.В. Суворов С.Р. Рафиковтың қолдауымен жоғары молекулалық қосылыстардың аралық өнімдерінің синтезі зертханасы құрылды.
Кейінгі зерттеулер барысында алкилбензолдар үшін анықталған үдерістің жалпы заңдылықтары, басқа да органикалық заттардың топтары үшін, атап айтқанда, алифатты, гидроароматты және гетероциклді қосылыстарға да тән екендігі айқындалды. Ол өзінің тотықтырғыш аммонолиздің реакцияларын көпжылдық зерттеу нәтижелерін «бу күйінде катализатор қатысында алкилбензолдарды тотықтыру аммонолизін зерттеу» атты докторлық диссертациясында жинақтап, 1962 жылы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде қорғады. Одан әрі ХҒИ тотықтыру аммонолизі реакциясын зерттеу екі бағытта жүргізіле бастады. Бірінші бағыт алкилбензолдарды тотықтыру аммонолизі алғашқы зерттеулердегідей жалғастырылды. Зерттеу нысандары полициклді қосылыстарды және гетероатомды орынбасарлары бар әр түрлі бензолдың туындыларын енгізу есебінен айтарлықтай кеңейтілді.
Зерттеудің екінші ірі бағыты пиридин қатарының туындыларын тотықтыру аммонолизі бойынша зерттеу болды. Көптеген жылдар бойы медицина мен ауыл шаруашылығында кеңінен қолданылатын никотин қышқылын (РР дәрумені) алудың тиімді әдістерін енгізу жұмыстары ерекше орын алды. ҚР ҰҒА Ботаника институтымен бірлесіп «Никазан» атты өсуді тездеткіштердің жаңа тобы алынды және аумағы 10 мың га қант қызылшасы алқабына сынақ жүргізіліп, ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдануға ұсынылды.
С.Р. Рафиков пен Б.В. Суворов бастамаларының заңды қорытындысы алкилпиридиндерді тотықтыру аммонолизінің көп компонентті К2 және К4 катализаторларын алу болып табылады. Оларды алудың қалдықсыз технологиясы мен әсерінің жоғары тиімділігі «Лонза» (Швейцария) компаниясын қызықтырды. Висп және Базель қалаларындағы дәйекті келіссөздер нәтижесінде, Ә.Б. Бектұров атындағы Химия ғылымдары институтының директоры, ҚР ҰҒА академигі Е.Е.Ерғожин, ҚР ҰҒА академигі Б.В. Суворов, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Д.Х. Сембаев және «Лонза» компаниясының жетекшілерінің қатысуымен К2 катализаторы бойынша (1993) лицензиялық келісім жасалынды. Алайда, К4 катализаторының тиімділігі жоғары болып, қажетті өнімдер шығымы 92-98% құрады. Аталған катализатор Қытайдағы салынған қуаттылығы жылына 3000 тонна болатын зауытта никотинамидті өнеркәсіптік деңгейде өндіруге енгізілді. К4 катализаторы әлемнің 38 елінде патенттелінген. Патенттеуші тұлғалар Институт және «Лонза» фирмасы болып табылады.
КСРО-ның химия өнеркәсібін және ғылымын, әсіресе, полимерлік материалдарды дамытудың ауқымды бағдарламасы бойынша, Химия ғылымдары институтында полимерлерді синтездеу зертханасы құрылды (1958). Зертханада Жұбанов Болат Ахметұлы жетекшілігімен практикалық пайдалы қасиеттерге ие жаңа мономерлер мен полифункционалды полимерлерді синтездеу бойынша зерттеулер басталды. Әр түрлі дикарбон қышқылдарымен п- және м-ксилилендиаминдердің полиамидтер түзуі зерттелді. Оларды синтездеу ерекшеліктерін зерттеу кезінде полиамидтеуде диаминдердің дезаминдену жанама реакциясы жүріп, нәтижесінде полиаминдер түзілетіндігі алғаш рет анықталды. Балқымадағы поликонденсациялану кинетикасын зерттеу барысында полиамидтеу үдерісінің байыбы бойынша мүлдем жаңа нәтижелер алынды. Алғаш рет балқымадаға полиамидтеу кезінде автокаталитикалық үдеріс жүретіндігі айқындалды. Б.А. Жұбанов зертхана қызметкерлерімен тримеллит қышқылының ангидридінің әр түрлі диаминдерімен екі сатылы тура бағыттағы реакция кезінде айырылу температурасы 400 °С болатын жаңа полиамидоимидтердің қатарын алды. Дикетодиангидридтер негізінде 500 °С-қа дейін тұрақты болатын жаңа полимерлер мен полифункционалды мономерлер алынды. Реакциялық қалыптау әдісімен беріктігі жоғары композициялық материалдар, яғни, әйнек пластиктер, жылудан қорғағыш жабындылары, пресс-бұйымдар, термототықтыру деструкциясына төзімді және т.б. заттар жасалды.
Полимеризация саласы бойынша винилді мономерлерді радикалды полимеризациялауға қатысты зерттеу жұмыстары дамыды. Үдерістің кинетикалық заңдылықтарына мономерлердің, инициатордың, сенсибилизатордың, ингибитордың табиғатына, ортаға, инициатор мен мономердің концентрациялар тәуелділігіне жүйелі зерттеулер жүргізіліп, алынған нәтижелердің негізінде реакцияның орын алу байыбы ұсынылды. Полимерлеу кезіндегі винилді мономерлердің масса бойында терең дәрежеде түрленуі бойынша алынған нәтижелердің ерекше мәні бар.
Полимерлеудің терең дәрежелі түрлену кезіндегі ерекшеліктері тізбектің үзілу константасының өзгеруімен ғана емес, басқа да кинетикалық параметрлердің, атап айтқанда: тізбектің өсу жылдамдығының константасына, қоздыру жылдамдығына, макрорадикалдардың концентрациясына да байланысты. Химиялық өзгерістің бастапқы түрлену дәрежесінде-ақ қоздыру жылдамдығының өзгеруін есепке алу қажеттілігі және бұл шамаға орта тұтқырлығының әсер ететіндігі анықталынды. Нәтижесінде сол кездегі полимер химиясында жаңа қағида – фотохимиялық тежелу әсерінен радиациялық полимерленуді реттеу әдісі жасалды. Тиісті инициаторды таңдау жолымен «гель-әсерді» айтарлықтай төмендетуге болатындығы анықталынды (С.Р. Рафиков және Г.П.Гладышев).
Тағы бір өзгерістің жоғары дәрежелі түрлену мәндерінде полимерлену үдерісін басқаруға мүмкіндік тудыратын әрі екі компонентті иницирлейтін жүйелерді қолдануға негізделген әдіс автореттеу әдісі болып табылады. Метилметакрилаттың белсенділігін анықтау үшін қарапайым термометрлік қондырғының жаңа нұсқасы ұсынылды. Теориялық нәтижелер қолданбалы зерттеулердің негізі болды, соның нәтижесінде фотополимеризация әдісімен органикалық шынының монолитті блогын өндіру технологиясы жасалынды. Жартылай өндірістік сынақ жүргізілгеннен кейін, 1967 жылы Челябі зауытында экономикалық тиімділігі жоғары органикалық шыныны әзірлеу жобасын енгізу жүзеге асырылды (С.Р.Рафиков, Г.П. Гладышев, К.М. Гибов, Г.В. Леплянин, Т.Я. Смирнов, Т.Е. Мессерле, В.А. Сечковская, И.Я. Садчиков, В.П. Монахов және т. б.).
Ғалымдарға мәңгі құрмет ету мақсатында ғылымға еңбегі сіңген қайраткерлер, Қазақ КСР ҒА-ның академиктері С.Р. Рафиковқа, Б.В. Суворовқа, Ш.Б. Батталоваға және Қазақ КСР ҒА-ның корреспондент-мүшесі И.Н. Әзірбаевқа, олар ұзақ жылдар бойы өмір сүрген үйлерінде және қызмет атқарған Институт ғимаратында, мемориалды тақталар орнатылды. Алматыда көшелер ғалымдардың есімдерімен аталған. Институттың үлкен конференц-залына КСРО ҒА корреспондент-мүшесі, Қазақ КСР ҒА академигі С.Р. Рафиковтың есімі берілді.
1967 жылы КСРО ҒА Башқұрт филиалы құрылды және КСРО ҒА Башқұрт филиалы Төралқасының Төрағасы болып, Қазақ КСР ҒА академигі С.Р. Рафиков бекітілді. Сағид Рауфович 1984 жылға дейін КСРО ҒА ғылыми орталығын табысты басқарып, физика және математика, молекулалық биология және генетика кафедрасы, мұнай-химия және полимерлер химиясы, тіл мен әдебиет, этнография, мәдениет, тарих және аймақтық экономика саласында жаңа ғылыми зерттеу бағыттарына жол ашып, жоғары білікті мамандар даярлауға ерекше көңіл бөлді. 70-жылдардың ортасында КСРО ҒА Башқұрт филиалы құрал-жабдықтармен қамтылу мен кітапхана қорларының жағдайы бойынша орта академиялық деңгейден қалыс қалмады. Осы кезеңде 30-дан астам жаңа зертханалар құрылды. Ақылға қонымды, ғылыми зерттеулерді үйлестірудің арқасында, КСРО ҒА Башқұрт филиалының академиялық ғылымы жаңа тиімді жұмыс істейтін ғылыми мектептермен толықтырылды. Қысқа мерзім ішінде филиал КСРО-дағы жетекші ғылыми орталықтардың бірі болды. Сонымен бір мезгілде Сағид Рауфович КСРО ҒА Башқұрт филиалы Химия институтының директоры (1968-1977) бола отырып, Башқұртстандағы полимерлер химиясы бойынша ғылыми мектептің негізін қалаушылардың бірі болды.
1970 жылы КСРО ҒА корреспондент-мүшесі, Башқұрт АКСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты (1967-1969), КСРО Жоғарғы Кеңесінің үш шақырылымының ғылым мен техника бойынша Тұрақты комиссиясының хатшысы және депутаты (1970-1985) болуы Сағид Рауфовичтың еліміздің химия ғылымын дамытудағы еңбегін бағалаудың көрінісі болып табылады.
Дарынды тұлғаның ғылыми, қоғамдық және әкімшілік қызметтері еліміздің көптеген марапаттарымен, оның ішінде ғылым мен техника саласы бойынша КСРО Министрлер Кеңесінің (1983) және РҒА С.В. Лебедев атындағы (1992, қайтыс болғаннан кейін) сыйлықтарымен, Еңбек Қызыл Ту (1975), Халықтар достығы ордендерімен (1982), көптеген КСРО медальдарымен, КСРО ХШЖК дипломдарымен және медальдарымен марапатталынды.
1968-1988 жж. Институт директоры ҚР ҰҒА академигі Болат Ахметұлы Жұбанов болды.
Академик Б.А.Жұбановтың ғылыми зерттеулеріндегі ерекше орын алатын жұмыстары, бензолдың аддуктысы деп аталатын трициклодецентетракарбон қышқылының тізбекті диангидридін синтездеу, УК-сәулелену әсерімен бензол мен малеин ангидридінің реакциясы.
Бензолдың, оның алкил-, галоген-, арил орынбасушы туындылармен, фуранның малеин ангидридімен және оның дихлортуындыларымен фотоциклоконденсациялау ерекшеліктері мен заңдылықтарын егжей-тегжейлі зерттеу барысында 40-тан астам жаңа мономерлер алынды. Синтезделген мономерлер негізінде амид текті полярлы апротонды ертіндідегі әртүрлі диаминдерді бір- және екісатылы поликонденсациялау әдістерімен алициклидті полиимидтер алынды, олардан ыстыққа төзімді талшықтар, пленкалар, лактар, бояулар мен эмаль-сымдар жасалды.
Б.А. Жұбановтың бастамасы бойынша полимерлер синтезі зертханасында, протолитті ерітінділерде жүретін, диаминдерді алициклді тетракарбон қышқылдарының диангиридттерімен каталитикалық полиацилирлеу реакцияларымен және амидқышқылды фрагменттердің ішкімолекулалық тізбектелуімен жоғарымолекулалық ерігіш полимидтерді жоғары температурада синтездеудің әдісі бойынша жұмыстар басталды. Полигетероциклдерді синтездеудегі еріткіштердің рөлін зерттеу кезінде ассоциативті поликонденсация деп аталған поликонденсатты тізбектердің өсу механизмінің жаңа интерпретациясы тұжырымдалып, дәлелденілді. Полиядролы ароматты қосылыстардың ацилирлеуді зерттеу кезінде жаңа реакция ашылды: дегидридоконденсациямен ацилирлеу, яғни ацилдеуші кешеннің белсенділігі төмен кезінде орын алатын Фридель-Крафтс ацилирлеу реакциясы өзгерістің жеке бір түрі болып табылады. Б.А. Жұбанов ағаш, металл және резеңке-техникалық бұйымдарға арналған, әртүрлі техника және өнеркәсіп салаларында қолдану үшін өрттен қорғайтын көбікті жабындыларды жасау үшін жоғарымолекулалы қосылыстардың жануы бойынша жұмыстарды басқарды. Алғаш рет Қазақстанда Б.А. Жұбановтың жетекшілігімен биоүйлесімді және терапиялық функциялары бар полмерлерді алу бойынша зерттеу жұмыстары басталды. Туберкулезге қарсы, гипотензивті, микробқа қарсы, ісікке қарсы, ауру бәсеңдеткіш белсенділігі және т.б. қасиеттері бар жаңа макромолекулалық терапиялық жүйелердің қатары алынды. Клиникалық сынақтардан сәтті өткен жаңа бірегей ұзақ гипотензивті әсері бар «Клофебукал» препараты, сондай-ақ глаукоманы кешенді емдеуге мүмкіндік беретін «Пиловит» атты полимерлі композиция жасалды. Осы зерттеулер сериясына малеин ангидридінің сополимерлері және акпинол, фоспинол және басқа да моно- және биспиперидолдар негізінде өсімдіктердің өсуін реттегіштердің полимерлі түрлерін жасау жатады, олар мақта, бірқатар көкөніс және жайылым-шабындық дақылдарының өсуіне тездеткіштік әсерін тигізеді.
Б.А. Жұбанов полимерлік ғылымға қосқан үлесі үшін Еңбек Қызыл Ту (1976), Октябрь революциясы ордені (1986), естелік медальдармен және сыйлықтармен марапатталынды.
Ол көптеген жылдар бойы университеттің студенттері мен аспиранттары үшін «Жоғары молекулалы қосылыстар» атты іргелі курсты, полимерлер химиясы бойынша бірқатар арнайы курстарды оқыды. Болат Ахметұлы кафедраның оқу үрдісін әзірлеуге, дәрістік курстардың бағдарламаларын жасауға, жалпы және арнайы практикумдар дайындауға шешуші рөл атқарды. Б.А. Жұбанов білім беру үрдісінің жетістігі жүргізілетін ғылыми зерттеулердің деңгейімен анықталатындығын түсінгендіктен, кафедраның ғылыми тұрғыда қалыптасуына үлкен үлес қосты.
Қазақ КСР ҒА-ның академигі Б.А.Жұбанов Институттың директоры қызметін атқарған кезеңде Институт құрылымында төмендегі аталған зертханалар болды:
- органикалық катализ (меңгерушісі: 1946 жылдан 1969 жылға дейін – Қазақ КСР ҒА-ның академигі Д.В. Сокольский);
- физикалық химия (меңгерушісі: 1949 жылдан 1986 жылға дейін – химия ғылымдарының докторы, профессор Т.Н. Сумарокова);
- органикалық синтез (меңгерушілері: 1955 жылдан 1981 жылға дейін – Қазақ КСР ҒА-ның академигі Д.В. Соколов; 1981 жылдан 1993 жылға дейін – химия ғылымдарының докторы, профессор Ю.Г. Босяков);
- өсімдіктер химиясы (меңгерушілері: 1955 жылдан 1981 жылға дейін – Қазақ КСР ҒА-ның академигі М. И. Горяев; 1981 жылдан 1982 жылға дейін – меңгеруші міндетін атқарушы химия ғылымдарының кандидаты Ф.С.Шәріпова; 1982 жылдан 1993 жылға дейін – фармацевтика ғылымдарының докторы, профессор Г.Г. Никонов);
- алкалоидтар химиясы (меңгерушілері: 1960 жылдан 1968 жылға дейін – химия ғылымдарының докторы, профессор Г.А. Толстиков; 1969 жылдан 1971 жылға дейін – химия ғылымдарының докторы, профессор М.П.Ирисметов; 1971 жылы зертхана табиғи қосылыстар химиясы зертханасының құрамына кірді);
- молекулалық спектроскопия (меңгерушісі: 1956 жылдан 1972 жылға дейін – Ю.А. Кушников, 1972 жылы молекулалық спектроскопия зертханасы мен физикалық әдістер тобы физикалық зерттеу әдістері зертханасына біріктірілді);
- пластмассалар (меңгерушісі: 1956 жылдан 1986 жылға дейін – В.Г.Гуцалюк);
- өсімдік шикізатын гидролиздеу (меңгерушілері: 1959 жылдан 1980 жылға дейін – химия ғылымдарының кандидаты М.Г. Пугачев; 1980 жылдан 1986 жылға дейін – химия ғылымдарының кандидаты Г.Ж. Ибраев, сосын 1982 жылы зертхана базасында дирекция қарамағында химиялық энзимология тобы ұйымдастырылды, 1985 жылы биоорганикалық химия зертханасы болып қайта құрылды, 1992 жылы биоорганикалық химия зертханасы физикалық химия зертханасының құрамына енгізілді);
- микроталдау (меңгерушілері: 1961 жылдан 1979 жылға дейін – химия ғылымдарының кандидаты B.C. Базалицкая, 1979 жылы микроталдау зертханасы топ болып қайта құрылды және полимерлердің физика-химиясы зертханасына қосылды; 1979 жылдан 1986 жылға дейін – Н.Н.Алексеева, 1986 жылы микроталдау тобы органикалық синтез зертханасына қосылды);
- табиғи тұздар (меңгерушілері: 1956 жылдан 1973 жылға дейін – химия ғылымдарының кандидаты А.И. Мун; 1973 жылдан 1975 жылға дейін – химия ғылымдарының кандидаты Р.Е. Жаймина; 1975 жылдан 1983 жылға дейін – химия ғылымдарының кандидаты Н.А.Қаражанов, 1995 жылы зертхана фосфор тыңайтқыштарының химиясы зертханасымен біріктірілді);
- табиғи сорбенттер және катализаторлар (меңгерушісі: 1961 жылдан 1996 жылға дейін – Қазақ КСР ҒА-ның академигі Ш. Б. Батталова);
- амальгама химиясы (меңгерушілері:1961 жылдан 1969 жылға дейін – Л.Ф.Козин; 1969 жылдан 1991 жылға дейін – химия ғылымдарының докторы, профессор С.П. Бухман);
- жоғар ымолекулалық қосылыстардың аралық өнімдерін синтездеу (меңгерушісі: 1957 жылдан 1996 жылға дейін – Қазақ КСР ҒА-ның академигі Б.В. Суворов);
- гербицидтер синтезі (меңгерушісі: 1964 жылдан 1973 жылға дейін – Қазақ КСР ҒА-ның корреспондент-мүшесі И.Н. Әзірбаев);
- оксид балқымаларының физикалық химиясы (меңгерушісі: 1965 жылдан 1988 жылға дейін – техника ғылымдарының кандидаты Л.Н.Шелудяков);
- бейорганикалық синтез (меңгерушілері: 1966 жылдан 1984 жылға дейін – Қазақ КСР ҒА-ның академигі Ә.Б. Бектұров; 1986 жылдан 1996 жылға дейін – А.И. Жұрұмбаев);
- полимерлердің физикалық химиясы (меңгерушісі: 1966 жылдан 1996 жылға дейін – Қазақ КСР ҒА-ның академигі Е.Ә. Бектұров);
- полимерлер синтезі (меңгерушісі: 1968 жылдан 2009 жылға дейін – Қазақ КСР ҒА-ның академигі Б.А. Жұбанов);
- ионалмастырғыш шәйірлер (меңгерушісі: 1968 жылдан қазіргі уақытқа дейін – ҚР ҰҒА-ның академигі Е.Е. Ерғожин);
- электрохимия (меңгерушісі: 1969 жылға дейін – Г.З. Кирьяков);
- фосфор тыңайтқыштарының химиясы (меңгерушісі: 1966 жылдан 1972 жылға дейін – техника ғылымдарының кандидаты В.В. Тихонов);
- полимерлену үрдістері (меңгерушісі: 1971 жылдан 1983 жылға дейін – Н.Д. Заворохин, 1984 жылы зертхана таратылды, ал оның қызметкерлері полимерлер синтезі зертханасына ауыстырылды);
- физикалық зерттеу әдістері (меңгерушісі: 1972 жылдан 1997 жылға дейін – химия ғылымдарының докторы, профессор В.А. Агашкин);
- ацетиленнің химиясы (меңгерушілері: 1973 жылдан 1975 жылға дейін – Қазақ КСР ҒА-ның корреспондент-мүшесі И.Н. Әзірбаев; 1977 жылдан 1986 жылға дейін – химия ғылымдарының кандидаты Б.Д. Абиюров; 1986 жылдан 1995 жылға дейін – химия ғылымдарының кандидаты Б.М. Бутин, 1995 жылы зертхана физиологиялық белсенді қосылыстар химиясы зертханасының құрамына кірді);
- химиялық-аналитикалық тобы (меңгерушілері: 1976 жылдан 1978 жылға дейін – химия ғылымдарының кандидаты Л.И. Плескач; 1978 жылдан 1979 жылға дейін – химия ғылымдарының кандидаты Қ.Г.Куватов);
- фосфор химиясы (меңгерушілері: 1978 жылдан 1986 жылға дейін – химия ғылымдарының кандидаты С.И. Калмыков; 1986 жылдан 1992 жылға дейін – химия ғылымдарының докторы, профессор В.А. Синяев; 1992 жылы бейорганикалық қосылыстар және материалдар химиясы зертханасы болып, кейінірек бейорганикалық материалдар химиясы зертханасы деп қайта аталды);
- химиялық энзимология тобы (меңгерушісі: 1982 жылдан 1985 жылға дейін – Г.К. Никонов, 1985 жылы биоорганикалық химия зертханасы болып қайта құрылды, 1992 жылы биоорганикалық химия зертханасы физикалық химия зертханасының құрамына енгізілді);
- биоорганикалық химия зертханасы (меңгерушісі:1985 жылдан 1993 жылға дейін – П.П. Гладышев);
- мономерлерді синтездеу (меңгерушісі:1972 жылдан 2009 жылға дейін – химия ғылымдарының докторы, профессор Д.Х. Сембаев, 1996 жылдан бастап мұнайхимиялық синтез зертханасы).
1988-2007 жылдар аралығында және 2009 жылдың сәуірінен бастап, қазіргі уақытқа дейін Институттың директоры, Президенті және Бас директоры ҚР ҰҒА-ның академигі Еділ Ерғожаұлы Ерғожин болып табылады.
Е.Е. Ерғожин Институттың басшылығына қиын-қыстау кезеңде келді. Кеңес Одағының тарап, тәуелсіз мемлекеттердің құрылу кезеңіндегі еліміздің экономикасының құлдыраған, ауыртпалық жағдайына тұспа-тұс келді.
Институттың ғылыми құрылымында төменде аталғандай зертханалар бар еді:
- жоғары молекулалы қосылыстардың аралщық өнімдерінің синтезі (1957 жылдан 1996 жылға дейін меңгерушісі Қазақ КСР ҒА-ның академигі Б.В. Суворов, 1996 жылы жоғары молекулалы қосылыстардың жартылай өнімдерінің синтезі зертханасы мұнайхимиялық синтезі зертханасы деп атауы өзгертілді, 1996 жылдан 2009 жылға дейін меңгерушісі ҚР ҰҒА-ның академигі Д.Х.Сембаев);
- табиғи сорбенттер және катализаторлар (1960 жылы органикалық катализ зертханасынан табиғи сорбенттер және катализаторлар зертханасы бөлініп шықты, 1961 жылдан 1996 жылға дейін меңгерушісі Қазақ КСР ҒА-ның академигі Ш.Б.Батталова; 1996 жылы зертхана мұнайхимиялық синтезі зертханасына қосылды; 2001 жылы табиғи сорбенттер және катализаторлар зертханасы негізінде мұнай және газ химиясы зертханасы құрылды, алдымен дирекциядағы ғылыми топ ретінде болды, сосын 2003 жылы зертхана болып қайта құрылды, 2001 жылдан 2009 жылға дейін меңгерушісі химия ғылымдарының докторы, профессор С.Р.Қоныспаев, 2009 жылы мұнайхимиялық синтезі зертханасы мен мұнай және газ химиясы зертханаларын біріктіру нәтижесінде мұнай химиясы және мұнайхимиялық синтез зертханасы құрылды; 2009 жылдан 2011 жылға дейін меңгерушісі химия ғылымдарының докторы, профессор П.Б. Воробьев; 2012 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін меңгерушісі химия ғылымдарының докторы, профессор Қ.А.Қадырбеков);
- полимерлердің физикалық химиясы (1966 жылдан 1996 жылға дейін меңгерушісі Қазақ КСР ҒА-ның корреспондент-мүшесі Е.Ә. Бектұров);
- полимерлер синтезі (1968 жылдан 2009 жылға дейін меңгерушісі Қазақ КСР ҒА-ның академигі Б.А.Жұбанов, 2009 жылы полимерлердің физикалық химиясы мен полимерлер синтезі зертханаларын біріктіргеннен кейін, полимерлердің синтезі және физика-химиясы зертханасы деп аталды; 2009 жылдан қазіргі уақытқа дейін меңгерушісі химия ғылымдарының докторы, профессор М. Б. Өмірзақова);
- ионалмастырғыш шәйірлер (1968 жылдан қазіргі кезге дейін меңгерушісі ҚР ҰҒА-ның академигі Е.Е. Ерғожин);
- мономерлер синтезі, кейіннен мұнай химиясы синтезі (1972 жылдан 2010 жылға дейін меңгерушісі Қазақ КСР ҒА-ның корреспондент-мүшесі Д.Х. Сембаев);
- фосфор тыңайтқыштарының химиясы (1972 жылдан 1994 жылға дейін меңгерушісі Д.З. Серазетдинов; 1994 жылдан қазіргі кезге дейін меңгерушісі ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі, химия ғылымдарының докторы, профессор Ө.Ж.Жүсіпбеков, 2003 жылы тыңайтқыштар мен тұздар химиясы зертханасы деп өзгертілді);
- физикалық зерттеу әдістері (1972 жылдан 1997 жылға дейін меңгерушісі химия ғылымдарының докторы, профессор В.А. Агашкин; 1997 жылдан 2003 жылға дейін меңгерушісі химия ғылымдарының докторы, профессор В.А. Соломин; 2004 жылдан 2012 жылға дейін меңгерушісі химия ғылымдарының докторы, профессор Қ.М. Бекетов, 2009 жылы зертхана физика-химиялық талдау әдістері және экология зертханасы болып аталды; 2012 жылдан 2017 жылға дейін меңгерушісі химия ғылымдарының докторы, доцент Қ.И. Иманбеков; 2017 жылдан қазіргі кезге дейін меңгерушісі техника ғылымдарының кандидаты Е.Ә. Түсіпқалиев);
- полимерлердің физика-механикалық қасиеттерін зерттеу (1973 жылдан 1992 жылға дейін меңгерушісі химия ғылымдарының докторы, профессор Ж.Ж. Баярстанова);
- сирек элементтер химиясы (1973 жылы бейорганикалық және физикалық химия бөлімінде зертхана құрылып, 1973 жылдан 1993 жылға дейін меңгерушісі химия ғылымдарының докторы, профессор А.К. Ілиясова, бұдан әрі қарай бейорганикалық полиоксоқосылыстар зертханасы болып атауы өзгертілді, 1992 жылы бейорганикалық өндірістер экологиясы зертханасының құрамына енгізілді);
- гербицидтер синтезі, кейіннен физиологиялық белсенді қосылыстар (1973 жылдан 2019 жылға дейін меңгерушісі химия ғылымдарының докторы, профессор Қ.Б. Ержанов; 2019 жылдан қазіргі кезге дейін меңгерушісі химия ғылымдарының кандидаты М.С.Мұқанова);
- аналитикалық және амальгамды химия (1969 жылдан 1991 жылға дейін меңгерушісі химия ғылымдарының докторы, профессор С.П. Бухман, 1993 жылы зертхана атауы аналитикалық химия зертханасы болып өзгертіліп; 1992 жылдан 2010 жылға дейін меңгерушісі техника ғылымдарының докторы, доцент А.С. Мусина);
- фосфор химиясы (1986 жылдан 1992 жылға дейін меңгерушісі химия ғылымдарының докторы, профессор В.А. Синяев, 1992 жылы атауы өзгертіліп, бейорганикалық қосылыстар мен материалдардың химиясы зертханасы болып қайта аталды);
- ацетилен химиясы (1986 жылдан 1995 жылға дейін меңгерушісі Б.М.Бутин);
- өсімдіктер химиясы (1982 жылдан 1993 жылға дейін меңгерушісі фармацевтика ғылымдарының докторы, профессор Г.Г. Никонов; 1993 жылдан 1994 жылға дейін меңгерушісі химия ғылымдарының докторы, профессор Қ.Ж.Пірәлиев; 1994 жылдан 2009 жылға дейін табиғи қосылыстар химиясы зертханасы деп аталды, 1994 жылдан 2009 жылға дейін меңгерушісі химия ғылымдарының докторы, профессор Б.Ж. Жиембаев);
- полимерлі материалдардың химиялық технологиясы (1986 жылдан 1991 жылға дейін меңгерушісі химия ғылымдарының кандидаты Р.Т. Құтжанов; кейінірек гетеросақиналы полимерлер зертханасы болып өзгертілді, 1991 жылы меңгерушісі химия ғылымдарының докторы, профессор О.А. Алмабеков, 1992 жылы осы зертхананың қайта құрылуына байланысты, оның қызметкерлері полимерлер синтезі зертханасына ауыстырылды);
- биоорганикалық химия (1985 жылдан 1993 жылға дейін меңгерушісі химия ғылымдарының докторы, профессор П.П. Гладышев);
- физикалық химия (1986 жылдан 1991 жылға дейін меңгерушісі химия ғылымдарының докторы, профессор Р.А. Славинская; 1993 жылы физикалық химия зертханасының құрамына полимерлердің физика-химиясы және биоорганикалық химия зертханалары енгізілді, 1993 жылдан 1997 жылға дейін біріккен физикалық химия зертханасының меңгерушісі Қазақ КСР ҒА-ның корреспондент-мүшесі Е.Ә.Бектұров, 1997 жылдан 2009 жылға дейін меңгерушісі химия ғылымдарының докторы, профессор Т.Қ.Жұмәділов);
- пластмассалар (1986 жылдан 1992 жылға дейін меңгерушісі химия ғылымдарының докторы, профессор И.А. Архипова);
- бейорганикалық синтез (1986 жылдан 1996 жылға дейін меңгерушісі техника ғылымдарының кандидаты А.И. Жұрұмбаев; 1997 жылдан 2001 жылға дейін меңгерушісі техника ғылымдарының кандидаты З.Қ. Қайыпова (кейіннен техника ғылымдарының докторы), техника ғылымдарының кандидаты А.В. Невский және техника ғылымдарының докторы, профессор Ю.А. Марконренков; 2001 жылдан 2006 жылға дейін меңгерушісі техника ғылымдарының докторы, профессор Қ.Т.Арынов және химия ғылымдарының докторы А.Т. Садырова; 2006 жылдан 2017 жылға дейін меңгерушісі техника ғылымдарының докторы, профессор С.У.Усманов; 2018 жылдан қазіргі кезге дейін меңгерушісі техника ғылымдарының кандидаты Г.Т.Омарова);
- «бейорганикалық қосылыстар химиясы» тобы (1997 жылдан 2003 жылға дейін меңгерушісі химия ғылымдарының кандидаты, А.С. Сериев; 2005 жылдан 2006 жылға дейін меңгерушісі химия ғылымдарының кандидаты Б.С. Балапанова; 2007 жылы ғылыми топ бейорганикалық гетерополиоксоқосылыстар химиясы зертханасы деп аталды, 2006 жылдан 2009 жылға дейін меңгерушісі техника ғылымдарының докторы В.И. Капралова, 2009 жылы зертхана тыңайтқыштар және тұздар химиясы зертханасымен біріктірілді);
- оксидті балқымалардың физикалық химиясы (1988 жылдан 1992 жылға дейін меңгерушісі техника ғылымдарының докторы, профессор Ю.А.Марконренков);
- отқа төзімді полимерлі материалдар (1980 жылы полимерлер синтезі зертханасының негізінде құрылды, 1980 жылдан 1997 жылға дейін меңгерушісі химия ғылымдарының докторы, профессор К.М. Гибов);
- органикалық синтез (1981 жылдан 1993 жылға дейін меңгерушісі химия ғылымдарының докторы, профессор Ю.Г. Босяков; 1994 жылдан қазіргі кезге дейін ҚР ҰҒА-ның академигі Қ.Ж. Пірәлиев, 2009 жылы табиғи қосылыстар химиясы зертханасымен бірігіп, синтетикалық және дәрілік заттар химиясы зертханасы деп аталды);
- бейорганикалық қосылыстар мен материалдар химиясы (1992 жылдан 2009 жылға дейін меңгерушісі химия ғылымдарының докторы, профессор В.А. Синяев);
- бейорганикалық өндірістер химиялық экологиясы (1992 жылдан 1993 жылға дейін меңгерушісі техника ғылымдарының докторы, профессор Қ.Т.Арынов, 1995 жылы зертхана бейорганикалық синтез зертханасының құрамына кірді).
1992 жылы Институттың Ғылыми Кеңесінің шешімімен ғылыми зерттеулер тақырыбының іріленуіне байланысты, гетеротізбекті полимерлер, полимерлердің физика-механикалық қасиеттерін зерттеу, пластмассалар, полимерлердің физика-химиясы, биоорганикалық химия, фосфор химиясы, оксидті балқымалардың физикалық химиясы, бейорганикалық полиоксоқосылыстар зертханалары қайта ұйымдастырылды.
Академик Е.Е. Ерғожиннің басшылығымен әрбір зертханада ғылыми құндылыққа негізделген зерттеулер қолға алынды. Академик Е.Е. Ерғожиннің жетекшілігімен кең құрылымды ионалмастырғыштардың өткізгіштігі мен кешенді металл иондарына және органикалық қосылыстарға (антибиотиктерге, бояғыштарға, улы заттарға және т.б.) қатысты сұрыптылығын басқарудың бірегей әдістері анықталынды. Дивинил қосылыстарын байланыстырушы агенттер ретінде еселі байланыстары және функционалды топтарының арасындағы байланысы әр түрлі диэпоксид, дихлорметил, дисульфохлорид туындыларын қолдану өткізгіштігі жоғары сульфат және фосфор қышқылды катиониттерді, негізділігі әртүрлі аниониттерді, амфотерлі иониттерді және кейбір N,N’-арилендиметакриламидтермен, N,N’-алкилендиметакриламидтермен, диоксибензолдардың диметакрил эфирлерімен немесе ароматикалық көмірсутектердің диизопропилдерімен моновинил мономерлері қатарының сополимерлері негізіндегі кинетикалық сипаттары жақсартылған электронды ионалмастырғыштарды синтездеп алуға мүмкіндік берді. Ионалмастырғыштардың, редокс-полимерлердің түзілу заңдылықтары зерттелінді. Желілік, гельдік, макрокеуекті және макроторлы құрылымдағы стирол сополимерлерінің диендермен полимер тәрізді айналуларының, модельді қосылыстармен салыстырғанда кейбір ерекшеліктері анықталды. Ионалмастырғыш полимерлердің құрылымында ароматикалық және алифатикалық буындармен алмасып отыратын -О-, -S-, -SO-, -SO2-, -N=N, -NHNH- және басқа да топтардың болуы матрицаның икемділігін ретке келтіруге және олардың комплекс түзуге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беретіні анықталынды.
Эпихлоргидрин олигомерлерінің, оның стиролмен сополимерлерінің негізінде макроторлы полифункционалды аниониттердің және олардың полиэтиленполиамин, полиэтиленимин, поликсилиленполиамин, этилен- және гексаметилендиамин қатысуымен хлорметил туындыларының түзілу заңдылықтарын зерттеу бойынша жүйелі зерттеулер жүргізілді. Кейбір диоксибензол, аминофенол және ароматикалық диаминдердің поли–2-метил-5-винилпиридинмен, ди- және полиаминдермен туындыларының өзара әрекеттесу ерекшеліктері зерттелді. Жүргізілген зерттеулер нәтижесінде иониттерді синтездеудің оңтайлы жағдайларын анықтауға, сондай-ақ, олардың сорбциялық қабілеттерін белгілі өндірісттік аниониттермен (ЭДЭ-10П и АН-31) салыстырғанда 2,0-2,5 есеге арттыруға мүмкіндік туындады. Синтезделген ионалмастырғыштардың алмастыру сыйымдылығы жоғары (8-10 мг-экв/г), химиялық және термиялық төзімділігі де жоғары. Олигомерлер, сополимерлер және хлорметилденген эпихлоргидриннің стиролмен сополимері негізіндегі анионалмастырғыштар гальваникалық процестердің ағынды суларын мыс және никель иондарынан тазарту үшін қолданылады.
Жоғарыда аталған ди- және полиаминдермен тетрафенилциклотетрасилоксанатетролдың, фенилтриацеток-сисиланның эпокси туындыларының немесе фенилтрихлорсиланның, фенил-трис(2,3-дихлорпропокси)силанның хлорметил туындыларының негізінде термиялық төзімді, химиялық тұрақты аниониттерді синтездеу әдістері анықталды және олардың физика-химиялық қаситтері мен платина, осмий, рений иондарына қатысты сорбциялық бейімділігі зерттелінді.
Е.Е. Ерғожин және оның шәкірттері ионалмастырғыш мембраналар және электромембраналы технология химиясының дамуына мазмұнды үлес қосты. Бірегей зерттеулерінің кезеңі физикалық-механикалық және электрохимиялық сипаттары жақсартылған жаңа гетерогенді, гомогенді, интерполимерлі және биполярлы ион алмастырғыш мембраналарды алу жолдарын қарастырумен аяқталды. Синтезделген катион- және анионалмастырғыш мембраналардың қасиеттерін әртүрлі физика-химиялық әдістермен салыстырмалы зерттеулер жүргізілді және алынған катионалмастырғыш мембраналар өндірістік МК-40 мембраналарымен салыстырғанда жоғары талғауыштығымен және мыс пен никельдің сульфатты ерітінділерінде электр өткізгіштігімен ерекшеленетіні анықталды.
Е.Е. Ерғожин Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Грамотасымен марапатталған (1971), Қазақстанның Құрмет Алтын кітабына енгізілген (1976), С.И. Вавилов атындағы медальмен (1991), Аль-Хорезми Алтын медалімен және дипломымен (Тегеран, Иран, 1995) марапатталған, марапатты Иран Ислам Республикасының Президенті Акбар Хашеми Рафсанжани табыстаған. Ол тәуелсіз халықаралық меценаттар клубының «Платинді Тарлан – 2000» сыйлығының, «Алтын Адам – Жыл Адамы 2000» сыйлығының бірінші Лауреаты. Ғылым мен білімді дамытуға, жас ғалымдар мен мамандарды дайындауға, Қазақстанның химиялық ғылымын нарықтық жағдайларға бейімдеуге және әлемдік аренаға шығуына қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев алғыс жариялады және «Алтын барыс» (2001) белгісін табыстады, РФ Президенті жанындағы Ресей мемлекеттік қызмет академиясының «Ғылымға және ғылым кеңістігіне қосқан үлесі үшін» Алтын медалімен (2002), «Парасат» орденімен марапатталған (2003). Оған «Франция ғылымының маршалы» Құрметті атағы берілген және өндірісті іске қосу Ассоциациясының Напалеон медалы (Франция, 2003) табысталған, Ресей-Қазақстандық «Ракета тасымалдағыштардың «Байқоңыр» космодромынан ұшуының қоршаған ортаға әсерін бағалау» бағдарламасын іске асыруға белсенді қатысқаны үшін ҚР медальдары берілген, Ресей космонавтика Федерациясының С.П. Королев атындағы медалімен марапатталған (2006). Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Алтын медалін (2011) иеленген. Оның есімі 2011 ж. «Қазақстан Республикасында «Кім – кім болып табылады» анықтамасына енгізілген.
ҚР ҰҒА академигі Е.Е. Ерғожин әлем ғалымдарының Оксфордтік саммитінің Сократов Комитетінің шешімімен (Ұлыбритания, 10-13 желтоқсан 2011) ғылыми зерттеулер саласындағы Халықаралық сыйлығымен марапатталған және оған «The Name in Science – Ғылымдағы есім» Құрметті лауазымды атағы берілген, оның есімі біртуар әлем ғалымдарының Бүкіләлемдік реестріне енгізілген және «Әлемдік ғылымға қосқан үлесі үшін» құрмет медалі берілген.
Интернет және смс-хабарламалар арқылы бүкілхалықтық дауыс беру нәтижесінде 26538 дауыс жинап, 2012 ж. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20-жылдығына арналған бірінші Республикалық «Ел тұлғасы» – «Имя Родины» конкурсының «Ғылым» номинациясы бойынша жеңімпазы атанды. «М.В. Ломоносов. Еңбегі үшін. Туылған күніне 300 жыл» (2012) медалімен марапатталды, В.И. Блинников атындағы «Өнертабыстық және патенттік іске қосқан үлесі үшін» (2013) Еуразия патентті ведомствасының Алтын медалімен, «Қазақстанның Даңқ» Орденімен (2013), «Жол картасына қосқан үлесі үшін» медалімен (2015) марапатталынды.
2015 жылдың сәуір айында ел Президентін сайлауды ұйымдастыру және өткізуге белсенді қатысқаны үшін оған Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың алғысы жарияланды.
ҰҒА академигі РК Е.Е. Ерғожин Қазақ КСР ҒА «Полимерлер химиясы» ғылыми кеңесінің Ғалым хатшысы (1965-1973), Қазақ КСР Ғылым академиясының жас ғалымдар Кеңесінің ұйымдастырушысы және бірінші Төрағасы және Қазақстанның БЛКЖО ОК жанындағы жас ғалымдар Кеңесінің бөлім басшысы (1968-1973), Қазақстанның ЛКЖО Фрунзе аудандық комитетінің Алма-Ата қ. Бюро мүшесі (1971-1973), Алма-Ата қ. Халық депутаттарының Калинин аудандық Кеңесінің депутаты және жастар ісі бойынша Тұрақты комиссияның төрағасы (1985-1987), Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің ғылым және техника бойынша тұрақты комиссиясының Төрағасы (1986-1990), жалпы және қолданбалы химия бойынша XI Менделеев съездінің ұйымдастыру комитетінің жауапты ғалым-секретары (Алма-Ата, 1975) болды. Е.Е. Ерғожинге осы съезді ұйымдастыру мен өткізуге белсенді қатысқаны үшін КСРО ҒА және Қазақ КСР ҒА Президиумдерінің алғыстары жарияланды. Ол Қазақ КСР «Білім» қоғамының XI съездінің делегаты болды (1987), осы қоғамның басқару және Президиум мүшесі болып таңдалды, Бүкілодақтық «Білім» қоғамының IX съездінің делегаты (Мәскеу қ., 1987), Азияға арналған аймақтық оқу-ғылыми ЮНЕСКО семинарының ұлттық ұйымдастыру комитеті төрағасының орынбасары болды (1987), жас ғалымдардың І Халықаралық «Полимерлерді синтездеудің дәстүрлі емес әдістері» семинарының ұйымдастыру комитетінің қосымша төрағасы (Алма-Ата қ., 1990), Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО істері бойынша Ұлттық комиссиясының мүшесі (Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің 1994 ж. 15 шілдесінен бастап № 794 Қаулысы), Қазақстан Республикасы ғылым және жаңа технологиялар Министрлігінің, Ғылым Министрлігінің – Ғылым Академиясының және ғылым және жоғарғы білім Министрлігінің ғылым Қорының Төрағасы (1994-2000), Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы ғылым, техника және білім саласындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлықтар бойынша Комиссия төрағасының орынбасары (1998), Нобель сыйлығының лауреаттары қатысқан «Үшінші мыңжылдықтың ғылымы» атты халықаралық ғылыми конференциясының (Астана-Алматы қ.қ., 2000) және Түркістанның 1500-жылдығына арналған халықаралық ғылыми конференцияның (2000) ұйымдастыру комитетінің төрағасы болды.
Ол АҚШ Нью-Йорк Ғылым академиясының академигі (1994), И.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің (2001), С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Құрметті профессоры (2001), Вена қ. Халықаралық университетінің Құрметті профессоры (2008), Америка Химия Қоғамының мүшесі (2008), Абай атындағы Алматы ұлттық педагогикалық университетінің (2011), Е.А.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің Құрметті профессоры (2011) атақтары берілді.
Е.Е. Ерғожин Ескелді ауданы (2006) мен Алматы облысының (2007) Құрметті азаматы болып табылады.
2023 жылдан бастап Институттың бас директоры химия ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Хайдар Сүлейманұлы Тасыбеков болып табылады.